Новости

ТАРАЗ ТӨРІНДЕ «TARAZ CREATIVE INDUSTRIES 2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ

Тараз қаласында аймақтың креативті экономикасы мен заманауи технологиялар саласын дамытуға бағытталған ең ірі оқиға – «TARAZ CREATIVE INDUSTRIES 2026» Халықаралық форумы өз жұмысын бастады. М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан ауқымды іс-шара бес күнге жоспарланған.

Халықаралық жиын аясында IT технологиялар, кино, сән, дизайн, өнер, жастар бастамалары және креативті кәсіпкерлік салаларының жетекші өкілдері бас қосты. Форумның басты мақсаты – шығармашылық пен инновацияны тоғыстыратын соны идеяларды қолдау, креативті хабтардың даму бағытын айқындау және заманауи жобаларды ілгерілету.

Баласағұн орталық концерт залында салтанатты түрде ашылған іс-шараға келген қонақтар алдымен өнер туындыларының көрмесін тамашалады.

Жиынды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөзімен ашып, Дулати университеті бастамасымен жүзеге асқан форум жұмысына сәттілік тіледі. Өз сөзінде министр креативті экономиканың еліміздің болашақ әлеуетін арттырудағы маңызы жоғары екенін атап өтті.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева форумның мақсат-міндеті мен тарихи маңыздылығына  кеңінен тоқталды. Өз сөзінде ректор бұл шараның Тараз өңіріндегі шығармашылық әлеуетті жандандыруға және жастардың инновациялық идеяларына қанат бітіруге бағытталғанын атап өтті.

Форумның ресми бөліміне және пленарлық сессияларына елімізге белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым мен сала мамандары қатысты.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті Директорлар кеңесінің Төрағасы Жолаев Рақымбек Қуатбекұлы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Баталов Амандық Ғаббасұлы, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Нахбаева Гүлісхан Сайфулинқызы, Мемлекет қайраткері  Абдраймов Ғалымжан Райылұлы, Технологияларды коммерцияландыру кәсіпқойлары  альянсының басшысы Орсариев Арын Амангелдіұлы ашылу салтанатында құттықтау сөзін сөйлеп, жаңашылдыққа бастаған форум жұмысының жемісті болуын тіледі.

Пленарлық сессияда зерттеуші, тренер, қоғам қайраткерлері мен креаторлар презентация жасап, тәжірибелерімен бөлісті. Олардың қатарында  Дана Шаяхмет, Ерлан Шуланов, Мирас Дауленов, Айгерім Мусагажинова, Айгүл Ильясова сынды мамандар болды. Спикерлер баяндама жасаумен қатар, жастармен диалог орната отырып қызықты мәліметтермен, қажетті ақыл-кеңестерімен бөлісті.

Айта кетейік, Халықаралық форумның әр күні түрлі бағытқа арналған. Алда IT мамандары мен креативті сала өкілдерінің қатысуымен инновациялық стартаптар сайысы, воркшоптар мен шеберлік сабақтары, кино, сән, дизайн бағыттары бойынша байқаулар мен көрмелер өтеді. Тәжірибелі спикерлер студенттерге өз салалары бойынша құнды мәліметтер беріп, құпияларымен бөліседі.

Бұл апталық – идея алмасу алаңы ғана емес, жас креаторлардың бастамаларын нақты бизнес жобаға айналдыруға жол ашатын мүмкіндік.