Жаңалықтар

«TARAZ CREATIVE INDUSTRIES 2026» ФОРУМЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Тараз қаласында аймақтың креативті экономикасы мен заманауи технологиялар саласын дамытуға бағытталған ең ірі оқиға – «TARAZ CREATIVE INDUSTRIES 2026» Халықаралық форумы өз жұмысын қорытындылады. М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ұйымдастыруымен бес күн бойы өткен бұл ауқымды іс-шара шығармашылық пен инновацияны тоғыстыратын соны идеялар алаңына айналды. Ауқымды жиын аясында IT технологиялар, кино, сән, дизайн, өнер және креативті кәсіпкерлік салаларының жетекші өкілдері, елімізге белгілі қоғам қайраткерлері мен халықаралық сарапшылар бас қосты.

 «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты түрде ашылған форумның алғашқы күні өнер туындыларының көрмесімен басталды. Жиынның ашылуында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн форматта құттықтау сөз сөйлеп, креативті экономиканың еліміздің болашақ әлеуетін арттырудағы маңызы жоғары екенін атап өтті. Дулати университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева бұл шараның Тараз өңіріндегі шығармашылық әлеуетті жандандыруға және жастардың инновациялық идеяларына қанат бітіруге бағытталғанын жеткізді. Сондай-ақ, ашылу салтанатында Рақымбек Жолаев, Амандық Баталов, Гүлісхан Нахбаева, Ғалымжан Абдраймов және Арын Орсариев сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, форум жұмысына сәттілік тіледі. Пленарлық сессияда Дана Шаяхмет, Ерлан Шуланов, Мирас Дауленов, Айгерім Мусагажинова және Айгүл Ильясова секілді белгілі креаторлар мен зерттеушілер жастармен тікелей диалог орнатып, құнды тәжірибелерімен бөлісті.

Цифрлық экономика және Жасанды интеллект бағыты

 Ауқымды жиынның екінші күні цифрлық экономика мен «Smart city» дамуына арналды. Бұл бағытта М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті маңызды қадам жасап, Назарбаев Университеті жанындағы ISSAI Ақылды жүйелер, жасанды интеллект институтымен және «Alem.ai Foundation» корпоративтік қорымен өзара ынтымақтастық туралы екі бірдей Меморандумға қол қойды. Негізгі мақсат – жасанды интеллект және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында жоғары білікті кадрлар даярлау.

Жиын барысында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова онлайн байланысқа шығып, аталмыш жиынның маңыздылығын айтып, білім беру бағдарламаларын жетілдіру бойынша ойымен бөлісті. Жамбыл облысының цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалхар Амантуров өңірдің «Ақылды өңір» көрсеткіші бойынша 17-орыннан 11-орынға көтерілгенін мәлімдеді. Тілдік модельдерді қазақша сөйлету жобаларымен бөліскен ISSAI атқарушы директоры Ербол Абсалямов жастардың жобаларға қатысу белсенділігі туралы айтты. «Qazinnovations» АҚ өкілі Мадияр Абилов мемлекеттік гранттар туралы ақпарат берсе, өңірлік IT-хабтарды қолдау тетіктерін түсіндірген «Astana Hub» директоры Нұржан Сағындық цифрлық экожүйені дамытудың өзекті мәселелерін ортаға салды.

Стартаптар додасы: Pitch Battle

«Ақылды өңір: пилоттық жобадан ауқымды өндіріске дейін» атты панельдік дискуссияда EPAM systems, Aviata.kz, «Банк ЦентрКредит» АҚ, Tomorrow school сарапшылары бас қосып, IT-шешімдерді өндіріске енгізу тетіктерін талқылады. Кейін жас стартапшылар мен инноваторлардың «Pitch Battle» финалы болды. EdTech, MediaTech, FinTech, GovTech, GameDev және жасанды интеллект бағытында жоба әзірлеген дарынды жастар өз бизнес-модельдерін қорғап шықты. Венчурлық инвесторлар мен сарапшылардан жасақталған қазылар алқасы жобалардың бәсекеге қабілеттілігі мен коммерцияландыру деңгейіне   баға берді.

«SHABYT» фестивалі: Өнерлі жастар үні

Форум аясында ұйымдастырылған тағы бір мәдени алаң – республикалық «SHABYT» шығармашылық фестивалі еліміздің 7 өңірінен келген 11 жетекші жоғары оқу орнының басын қосты. Студенттер вокал және хореография бағыттары бойынша жанды дауыста және ұлттық нақышта өнер көрсетті.

Тартысты доданың нәтижесінде  хореография бағыты бойынша ұлттық биден Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті I орынды иеленсе,  М.Әуезов атындағы оңтүстік Қазақстан университетінің бишілері гран-приді жеңіп алды. Заманауи би бойынша Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты I орынды иеленсе, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің өнерпаздары бас жүлдені жеңіп алды. Вокал бағытында «Тұран-Астана» университетінің студенті Дінмұхаммед Қолдас қарсыластарынан басым түсіп I орынды иеленсе, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің өнерпазы Нұрай Көдербекова бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпаздар арнайы грамоталармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Шығармашылық шеберліктерін сынаған дарынды жастардың өнерін елімізге белгілі мәдениет және өнер саласының мамандарынан құралған қазылар алқасы саралады. Вокал бағыты бойынша Айгүл Мақашева мен Ғани Мәтебаев қазылық етсе, хореография бағыты бойынша Қуат Тәукеев, Айжан Нұрманалиева және Айжан Қонарбаева студенттердің өнерін бағалады.

 «DULATY – FASHION DAY»: Сән мен ұлттық мұра үндестігі

Форумның төртінші күні «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде «DULATY – FASHION DAY» атты I Халықаралық сән, дизайн және өнер фестивалі алауын жақты. Өнер додасына Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь және Молдова елдерінен, жалпы алғанда 30 жоғары оқу орнының шеберлері қатысты.

Ректор Ләззат Еркінбаева бұл шараның отандық сән индустриясын әлемдік деңгейде насихаттау алаңы екенін ерекше атап өтті. Байқау аясында «Этникалық жанрдағы костюм», «Pret-a-porter», «Авангардтық костюм», «Кешкі сәндік киім», «Эко-сән» және «Fashion Accessories» номинациялары бойынша үздік дизайнерлік жұмыстар көпшілік назарына ұсынылды.

Жеңімпаздарды ұлықтау

Бес күнге созылған думанды да мазмұнды апталықтың қорытынды күні Дулати университетінің бас ғимаратында жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталды. Салтанатты жиында Питч-баттл финалының үздік инновациялық стартап жобалары, «SHABYT» фестивалінің хореография және вокал бағыттарындағы үздіктер, сондай-ақ қысқаметражды фильмдер байқауының жеңімпаздары, «Көркем шығармашылық», «Сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары» және «Сән және костюм дизайны» номинацияларының халықаралық деңгейдегі жеңімпаздары марапатталды.

«TARAZ CREATIVE INDUSTRIES 2026» халықаралық форумы тек идея алмасу алаңы ғана емес, жас креаторлардың бастамаларын нақты бизнес жобаға айналдыруға даңғыл жол ашқан маңызы зор шара.