М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде белгілі ғалым Сәмен Құлбарақтың 70 жылдығына арналған республикалық конференция өтті.
Университеттің бас ғимаратында көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбарақ Сәмен Оразғалиұлының 70 жылдық мерейтойына арналған «Қазіргі әдебиеттану мен дулатитану: дәстүр, трансформация және перспективалар» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Ғылыми басқосуға еліміздің түкпір-түкпірінен жетекші ғалымдар мен зерттеушілер келді.
Алқалы жиынды филология ғылымдарының кандидаты, доцент Темірбай Мұқашов жүргізді. Конференцияның шымылдығын М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер бойынша проректоры Мақсат Мұсабеков мерейтой иесінің ұстаздық және ғалымдық ғибратты ғұмырына, оның отандық әдебиеттану ғылымы мен ұлттық руханиятты дамытуға қосқан үлесіне тоқталып, жылы лебізін білдірді.
Мерейтой иесін құттықтау үшін Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Президенті Ерболат Саурықов, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің Зерттеу және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Аслан Тұрлыбек арнайы сөз алып, ғалымға ізгі тілектерін жолдады.
Басқосу аясында қатысушылар назарына «Сәмен Құлбарақ: ғалымдық ғұмыр, әдебиет және дулатитану» тақырыбында кітап көрмесі таныстырылып, ғалымның өмір жолы туралы «Ғибратты ғұмыр» танымдық бейнематериалы көрсетілді.
Пленарлық отырыста сөз өнерінің зергерлері мазмұнды баяндамалар жасады. Ғалымдар профессор Сәмен Құлбарақтың Тахауи Ахтанов шығармашылығын зерттеудегі еңбегін, Рымғали Нұрғали ғылыми мектебінің жалғастығын және оның «Мұхаммед Хайдар» романындағы авторлық таным ерекшеліктерін жан-жақты талдады.
Жиында сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы ғалымның ұлттық мүдде жолындағы еңбегін жоғары бағалады: «Профессор Сәмен Құлбарақтың ғылыми мұраты ұлттық мүддемен сабақтасып жатыр. Оның зерттеулерінде қазақ әдебиетінің рухани құндылықтары, ұлттық сана мен елдік ұстанымдар ғылыми негізде жүйелі зерделенген» - деп өз бағасын берді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ректорының құттықтауын жеткізген Балтабай Әбдіғазиұлы мерейтой иесіне «Абай» төсбелгісін тақты.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызы Сәмен Құлбарақтың ғылыми мектептер сабақтастығындағы орнына тоқталды:
«Академик Рымғали Нұрғали қалыптастырған әдебиеттану мектебінің ғылыми дәстүрі профессор Сәмен Құлбарақтың еңбектерінде мазмұндық және әдіснамалық тұрғыдан жалғасын тапты. Бұл сабақтастық ғалымның әдеби мұраны талдау ұстанымдары мен зерттеу әдістерінен айқын көрінеді» деді.
Филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев Тахауи Ахтанов көркемдік әлемінің С. Құлбарақ еңбектеріндегі сипатына тоқталып: «Профессор Сәмен Құлбарақ Тахауи Ахтановтың көркемдік әлемін дәстүр мен жалғастық сабақтастығы аясында жүйелі қарастырып, оның қазақ әдебиетіндегі эстетикалық орнын терең айқындады» - деп атап өтті.
Пленарлық отырыста бұдан бөлек Құлбек Ергөбек, Ақыш Нұрдәулет, Бақытжан Мақашев сынды зерттеушілер мен ғалымдар баяндама жасап, ғалымның жазушылық, зерттеушілік қырларын аша түсті.
Сәмен Оразғалиұлының қызы Ұлпан Сәменқызы конференция аясында әкесіне ыстық ықыласын білдіріп, «Мұхаммед Хайдар» романындағы тарихи тұлғаның көркемдік концепциясы турасында сөз қозғады.
Конференция жұмысы төрт негізгі секция бойынша жалғасты. Онда ғалымның ғылыми мұрасы мен дулатитану бағыттарынан бөлек, заманауи тренд - жасанды интеллект дәуірінде тілдерді оқытудың инновациялық ізденістері мен білім берудегі жаңа әдіс-тәсілдер кеңінен талқыланды.
Конференция материалдары негізінде электрондық ғылыми еңбектер жинағы таяу күндері оқу орнының ресми сайтына орналастырылып, ғалымдар мен ізденушілерге жол тартады.








