М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесінің үйлестірушісі Лаура Қалабайқызымен кездесті.
Кездесу барысында халықаралық ынтымақтастықты дамыту, Erasmus+ бағдарламасына қатысу және жаңа бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Бүгінде Дулати университеті Erasmus+ бағдарламасы аясында бірнеше бағыт бойынша халықаралық жобалар мен академиялық ұтқырлықты жүзеге асыруда.
Erasmus+ KA1 – Academic Mobility: 2025 жылы университеттің 21 студенті сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысты. Сонымен қатар, студенттер мен магистранттардың шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуына арналған 3 Erasmus+ гранты иеленді.
Erasmus+ Ұлттық кеңсесінің 2022–2024 жылдардағы ресми статистикасына сәйкес, Дулати университеті Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында Халықаралық кредиттік ұтқырлық жобаларының саны бойынша 11-орында тұр. Осы кезеңде университеттің 21 жобасы іріктелген.
Erasmus+ KA2 – Capacity Building in Higher Education: Дулати университеті Erasmus+ халықаралық жобаларына қатысып келеді. Университеттің жобалық портфелінде HWCA және TEX4FUTURE жобалары бар.
Jean Monnet: 2026 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындарынан Erasmus+ Jean Monnet бағыты бойынша 92 өтінім беріліп, олардың ішінен 5 жоба қаржыландыруға іріктелді. Сол жобалардың қатарында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің EUPSM жобасы бар.
EUPSM «European Approaches to Public Service Management and Good Governance» жобасы мемлекеттік басқару, тиімді мемлекеттік қызмет, цифрлық трансформация және Еуропалық тәжірибені Орталық Азия жағдайында қолдану мәселелеріне бағытталған.
Осылайша, Erasmus+ бағдарламасы аясындағы Дулати университетінің халықаралық жобалық қызметі академиялық ұтқырлықтан бастап жоғары білім беру әлеуетін арттыру және Jean Monnet бағыттарына дейін қамтиды.





