Жаңалықтар

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІ ЛИНЬПИНМЕН ТОҚЫМА ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ СӘН САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ РАМКАЛЫҚ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙДЫ.

30 қыркүйек күні Қытайдың Линпин қаласында М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті мен Линпин тарапы арасында тоқыма, цифрлық сән, білім, ғылым және өндіріс салаларындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған рамкалық келісімге қол қойылды.

Қазақстан тарапынан құжатқа М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма төрағасы - Ректор Ләззат Еркінбаева қол қойды. Келісім Тараз бен Линпин арасындағы университет, кәсіпорын және шығармашылық индустрия өкілдерін біріктіретін практикалық жобаларды іске асыруға негіз қалайды.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде тоқыма материалдары мен жібек өндірісі, цифрлық сән, 3D жобалау және виртуалды киіп көру, функционалды және экологиялық материалдар, мәдени мұраға негізделген заманауи дизайн, инженерлер мен дизайнерлер даярлау, сондай-ақ зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру белгіленді.

Келісім аясында студенттер мен оқытушылардың Линпин кәсіпорындарында тағылымдамадан өтуі, қытайлық мамандардың Дулати университетінің білім беру бағдарламаларына, шеберлік сабақтарына және бірлескен ғылыми жобаларына қатысуы, прототиптер әзірлеу және студенттік стартаптарды қолдау көзделеді.

Ләззат Еркінбаева қол қойылған құжаттың формалды байланыспен шектелмей, зерттеуден өндіріске және нарыққа дейінгі толық ынтымақтастық тізбегін құруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Линпиннің өндірістік, дизайнерлік және цифрлық тәжірибесі Қазақстанның жас таланттарымен, табиғи материалдарымен және ғылыми әлеуетімен ұштасуы мүмкін.

Дулати университеті Линпин әкімшілігі мен кәсіпорындарын болашақ «Жібек жолы» тоқыма, цифрлық сән және креативті индустриялар консорциумының индустриялық серіктестері болуға шақырды. Консорциумға Орталық, Шығыс және Оңтүстік Азияның университеттері, зерттеу орталықтары, дизайнерлік ұйымдары мен кәсіпорындарын тарту ұсынылады.

2027 жылға арналған алғашқы практикалық қадамдар қатарында екі тараптан үйлестірушілерді бекіту, бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеу, тағылымдама базаларын анықтау және Қазақстан мен Қытайда таныстырылатын демонстрациялық жобаны іске қосу бар.

Қол қойылған рамкалық келісім Дулати университетінің Қытаймен технологиялық және білім беру байланыстарын кеңейтіп, Тараздың тарихи Жібек жолындағы мәдени мұрасын заманауи тоқыма өндірісімен, цифрлық технологиялармен және креативті кәсіпкерлікпен байланыстыратын жаңа кезеңді бастайды.