Жаңалықтар

«ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМҒА – ШЫНШЫЛ СӨЗ» КІТАБЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Дулати университетінің бас ғимаратында өңіріміздің алдыңғы буын өкілі – ардақты ардагерлер қауымы бас қосты. Негізгі себеп – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының таныстырылым жиыны.

Жиынға ардагерлер қауымымен қатар, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер қатысты.

Кітап таныстырылымында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева кітап туралы ойымен бөлісті. Идея мен істі байланыстыратын бұл еңбектің жарық көруі  бүгінгі реформалар кезеңіндегі маңызды қадам екенін айта отырып, еңбектің құндылығы –  әр жылдары, әртүрлі мінберлерде айтылған ойлардың өзара берік сабақтастығында екеніне тоқталды.

Жиын модераторы «Тарих және география» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Сейдахан Бақторазов жарық көрген жинақтың мақсаты мен құрылымы туралы ақпарат берді.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев кітап турасындағы ойымен бөлісіп, ел ынтымағын сақтауда, ауызбіршілігін нығайтуда ардагерлердің алатын орнына ерекше тоқталды. Алдыңғы буын өкілі – ардагерлердің міндеті өткенді еске алу ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастарды патриоттыққа тәрбиелеп, ақыл-кеңес беру екенін тебірене жеткізді.

Шара аясында «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы Кітапханалық-ақпараттық орталықтың директоры Гүлжан Иржановаға табыс етілді.