ДӘСТҮР МЕН ҒҰРЫП

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Атқа міну мәдениеті» бөліміне сүйене отырып, қазақтың қанында бар, білекті де жүректі батыр ұлдардың сайысы, көкпар ұлттық ойынымыздың болмысымен байланысты көнерген және ұмыт болып бара жатқан  ғұрыптар туралы

Көкпар -  «көкпар» сөзінің әуелгі атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан. Мал баққан көшпелілер көк бөріні соғып алып, оны ат үстінде жүріп бір-бірінен ала қашып, мәз-мейрам болған деген жорамалдарда бар... Кейін ол ұлттық ойынға айналып кеткен деседі.

Сонымен қатар Көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім Көкпарды өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде марта тарту деп те атайды. Оның жаппай тарту, айналма көкпар сияқты түрлері ауылдық жерде жақсы сақталған.

Көкпарды ауылдағы нақты бір үйге жеткізу кезінде өз алдына рәсімі бөлек кәделі де қасиетті дәстүр болып саналған. Ол дәстүр мұндаға дейін кей ауылдарда атқарылып жүр. Оны «Көкпар апару», «Көкпар тастау» немесе «Көкпар түсіру» деп атаған.  Бұл рәсімде ең бастысы көкпар құралы ретінде тартылған серке малының тұлғасын шабандоздар бір ауыздан, ымыраласа отырып көкпар соңында  өздерінің ықыласы ауып сыйлайтын, айтулы қуыныш болған (отау құрған, ұлы сүндеттелген, тұсау кесілген, шілдехана, белгілі бір жасқа толған және т.б.) немесе перзент сүйе алмай отырған отбасыларының шаңырағына барып тақымындағы серкені босағасына немесе табалдырыққа тастайтын болған. Көкпардың осылай әкелінуі жақсылық шақыру, кейде құтты болсынның нышаны болып саналған. Осылайша үй егесі көпшіліктен бата алатын болған.

Шабандоздар арнайы әкелген көкпарды қабылдамай, қабақ шытып, қайтарып жіберу «жаман ырым» , «жамандық шақыру» сияқты серттердің бірі болып саналған.

Керісінше, тектілік танытып ризашылығын білдірген отбасы арнайы бата алып, ауыл ақсақалдарын, көрші-қолаңды, ағайын -туыстарын, көкпар әкелген көкпаршыларды сол серкенің етінен жасалған қуырдаққа шақыратын болған. Көкпарға тартылған серкенің қуырдағын қазақ атам дұғалы да қасиетті санаған деп айтылады.  Өйткені, көкпар шабуға кіріскеннен бастап қариялардан арнайы бата алып құрбандық шалынған серке ондаған, жүздеген қасиетті тұлпарлардың бауырына тиіп, қара тері сіңеді және жүздеген ер жүрек, қарулы палуандардың уысы мен тақымынан өтіп, қазақтың қасиетті қара жеріне аунаған болып саналғандықтан ерекше көз қарас танытып, киелі саналған. Көкпар келіп түскен үйдің егелері сол серкені жақсылап терісін алып, етін бөлшектеп, қазақтың қара қазанында баппен, тек сол серкенің ғана етін түгелдей қуырып, дүйім елді шақырып ерекше мейрамдайтын болған. Көкпар қуырдағының еті қасиетті саналғаны сонша, онымен байланысты тағы да осы күндерде ел ішінде ұмыт болып, көнеріп бара жатқан, бір қасиетті ғұрып, ол «Ұлтабар» кей өлкелерде «Келін қуырдақ» делінеді, яғни әулетке түскен жас келінге сол қуырдақтан ауыз тигізу. Босағасын аттаған әулетке атқа мінер ер азаматтарды өмірге көптеп алып келіп, көп балалы ана атансын деген ниетпен жасалатын ғұрып болған.

«Би де бір жұмбақ әлем...»

Қазақ биі – бишінің қозғалысы мен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін, ұлттық сахна өнері. Қазақтың халықтық би өнері ерте заманнан қалыптасқан, халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы болып табылады. Қазақ халқы ежелгі би өнерінің дәстүрі мен өрнегін сақтап, өзінің рухани қазынасымен ұштастыра отырып, ғасырлар бойы дамытқан. Қазақ биі халықтың тіршілік-тынысын, адамның табиғатқа көзқарасын, дүниетанымын айшықтайтын өнер ретінде өркендеуде.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық би өнерін насихаттау мақсатында Дулати университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының оқытушысы «Өрмек би» мен «Қара жорғаны» билеудің технологиясын үйрету бойынша  шеберлік-сағатын өткізді. «Өрмек би» мен «Қара жорғаны» үйреніп, әсем қимылыңызбен топты жарғыңыз келсе, төмендегі видеоны көріңіз.

#РуханиЖаңғыру

#ҚазақБиі

БЕЙНЕГАЛЕРЕЯ


Top