М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Қаратау тау-кен технологиялық колледжі мен Жамбыл облысы Талас ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Кәмелетке толмаған жасөспірімдерді тәрбиелеудегі ата-ананың рөлі» тақырыбында ата-аналарға арналған семинар – тренинг өтті.
Тренинг мақсаты – ата-аналар мен білім беру мекемелері арасындағы байланыс пен сабақтастықты күшейту, балалардың дене, танымдық және эмоционалдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын талқылау.
Тренингті Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков ашып, жасөспірімдердің тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі ерекше маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, қоғам мен отбасының тығыз байланысы ғана балалардың қауіпсіздігі мен дұрыс қалыптасуына ықпал ететінін жеткізді.
Тренинг барысында «Заң және тәртіп» тақырыбында Талас ауданы полиция бастығының орынбасары Нүркен Төлеуішов кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөнінде мазмұнды презентация жасады. Сонымен қатар, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры, «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, ҚР мәдениет қайраткері Айгүл Қабиева «Ата-ана, ұстаз, шәкірт арасындағы рухани қарым-қатынас» тақырыбында баяндама оқып, өз тәжірибесімен бөлісті. Қаратау тау-кен технологиялық колледжінің директоры Камшат Маханбеталиева ата-аналармен «Тайып бара жатқанға таяныш бол» тақырыбында пікірталас ұйымдастырып, жасөспірімдердің мінез-құлқы мен отбасылық қолдаудың маңызын талқылады. Ал, «Әлеуметтік психология» кафедрасының аға оқытушысы Айгүл Тұсынбайқызы және колледждің педагог-психологы Айнұр Берденова ата-аналарға тренинг жүргізіп, түрлі психологиялық ойындар ұйымдастырды.
Тренинг жоғары деңгейде өтіп, ата-аналар баланың эмоционалдық және әлеуметтік дамуы – оның тұлға ретінде қалыптасуына, қоғамда өз орнын табуына, тұлғааралық қарым-қатынастарды дұрыс орнатуына ықпал ететін маңызды факторлар туралы мәлімет алды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.




