М.Х. Дулати атындағы университетте «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2025» атағын беру конкурсының республикалық кезеңіне қатысатын үміткерлерді анықтау мақсатында конкурстық комиссияның отырысы және Ғылыми кеңестің кезектен тыс мәжілісі өтті. Аталған конкурстың ішкі кезеңі 3–14 қараша аралығында өткізілді. Үміткерлер Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараттық жүйесінде «ЖОО-ның үздік оқытушысы» байқауына қатысушының сауалнамасын толтырып, өздерінің ғылыми-педагогикалық жетістіктерін көрсетті. Сарапшылар тобы сауалнамалардағы мәліметтерді тексеріп, сандық және сапалық көрсеткіштерді бағалап, ашық сабақтардың нәтижелерін талдады. Бағалау қорытындысы негізінде үміткерлерге балл қойылып, ішкі кезеңнің нәтижесі шығарылды. Сарапшылар тобының шешімімен 12 үміткер Дулати университеті атынан республикалық кезеңге қатысуға ұсынылды.
Ғылыми кеңес мәжілісінің хаттамасынан үзінді