М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру» факультетінің «Дене тәрбиесі» кафедрасы ұйымдастырған «Жастар салауатты өмір салтын қолдайды!» ғылыми конференциясы Жамбыл облысы және Тараз қаласындағы білім беру ұйымдары студенттерін бір алаңға жинады.
Іс-шара «Қимылсыздықтың зияны және салауатты өмір салтын ұстану» тақырыбында өткізілді. Конференцияға №3 Байзақ колледжі, №67 орта мектеп, Тараз инновациялық колледжі, Жамбыл индустриялық колледжі, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі және Дулати университетінің студенттері қатысты.
Шара барысында қазіргі жастар арасында кең тараған қимылсыздық, гаджеттерге тәуелділік, дене белсенділігінің төмендеуі секілді өзекті мәселелер талқыланды. Мамандар қимыл-қозғалыстың денсаулыққа әсері туралы баяндап, зиянды әдеттердің алдын алу жолдарын ұсынды. Студенттер мен оқушылар да пікір білдіріп, мәселелерді шешудің өз ұсыныстарын ортаға салды.
Конференция соңында Жанар Қалабайқызы белсенді қатысушыларды дипломдармен, жетекшілерді алғыс хаттармен марапаттап, үздік бес баяндамашыға арнайы сыйлықтар табыстады.
Іс-шара қимылсыздықтың қоғам үшін маңызды мәселе екенін ашып көрсетті және жастарды белсенді өмір салтына, тұрақты қозғалысқа шақырды. Қозғалыстың адам денсаулығы мен өмір сапасының негізгі кепілі екені тағы бір мәрте дәлелденді.

