Университет қабырғасында оқу көрсеткіштері 3,33 балдан жоғары түлектермен Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековпен кездесу өтті. Ұйымдастыру комитеті: Карьера және бизнес серіктестік орталығы.
Кездесуде Басқарма мүшесі-академиялық мәселелер бойынша проректор Ләззат Еркінбаева сөз алып, университетіміз сапалы білім мен тәжірибеге бағытталған оқу бағдарламалары арқылы білікті мамандар дайындап келетінін жеткізді. Түлектерді еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті, кәсіби мамандар ретінде танытудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, университеттің оқу бағдарламалары, түлектердің жетістіктері мен IP бағдарламалар жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Кездесу барысында Нұрбек Абубекұлы сөз алып, үздік түлектерге ұсынылатын жеңілдіктерді атап өтті. Сондай-ақ, қазіргі таңда Жамбыл облысының мектептерінде 561 бос жұмыс орны бар екенін мәлімдеп, түлектерге сәттілік тіледі.
Академиялық жұмыс жөніндегі департамент басшысы Әбілхан Садибаев пен Оқу бөлімінің басшысы Айман Наренова практика және колледждермен бірлескен бағдарламалар жайлы сөз қозғап, өзара әріптестік пен тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды. Кафедра меңгерушілері де өз тарапынан практика ұйымдастыруға байланысты ұсыныстарын білдірді.
Кездесу соңында түлектер қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандармен еркін форматта пікір алмасты.