САПАҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҮШІН ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЖОЛЫН КЕСУ ҚАЖЕТ

WhatsApp Image 2022 01 17 at 11.33.27Қоғамда көптеген түйткілдердің туындауына сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттері себеп болып отырғаны жасырын емес. Көпшілігі жең ұшынан жалғасуды жұмысты реттеудің төте жолы, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүрудің жолы деп түсінеді. Содан да тамыр-таныс іздеуге ұмтылады, сый-сияпатын жасап, тірлігін тездетіп бітіруге тырысады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде әр саладағы «формальды емес» есептер туралы ащы сын айтты. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны соншалықты, ұрпақ тәрбиесіне өз зиянын тигізе бастады. Ал жастардың санасына әсер еткені – ел бошағы үшін үлкен қауіп. Сондықтан онымен күресу барша халықтың алдында тұрған ортақ мәселе.

Сыбайлас жемқорлық көп қаржы туралы келісім жасалатын және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерде туындайтын іс-әрекет екені белгілі. Оның жойылмай келе жатқанының түпкі себебі де сол, қаржы мен «бәрінің алдын орап кетсем» деген бұзық пиғыл. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетіміздің дамуына да нұқсан келтіріп отыр. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып жатқанымен, жең ұшынан жалғасу әрекеттері жойылмай тұр.

Сыбайластыққа алдымен тосқауыл қоятын сала – білім беру жүйесі болуы тиіс. Болашақ мамандар парақорлық дертінен ада, адал болса, экономиканың басқа салалары да бұл дерттен біртіндеп арылатыны анық.  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасында: «Отбасы және білім беру саласы бұл үдеріске мүдделілік таныта отырып қатысуы керек. Бұл жұмысты мектепке дейінгі бала тәрбиесінен бастаған абзал», деп бекер жазылмаған. Себебі өскелең ұрпақтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік бағыттағы құндылықтар негізінде тәрбиелеу – аса маңызды. Өйткені, азаматтардың өз құқықтарын жақсы білуі – қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына бірден бір ықпал ететін фактор.

Отбасында балаларды еңбекқорлыққа, қанағатшылдыққа, мейірімділікке тәрбиелеу дәстүрі үзілмеуі керек. Отбасында ұлттық тәрбиенің негізі, адамгершілік пен іс-әрекеттің өзегі – адал еңбек болуы тиіс. Сонда ғана отбасы деңгейінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тосқауыл қоя аламыз. Бұл тосқауыл осы мәселені заңдық реттеуге қарағанда тиімдірек. Сыбайлас жемқорлықпен күресті әрбір адам өзінен бастауы тиіс.

Айналамыз таза болса, жең ұшынан жалғасқан лас әрекеттерге қоғам қарсы болса, бұл індет жойылады. Жемқорлық қоғамға ғана залалын тигізіп қоймайды. Адам өмірін құрдымға жіберер кесапат. Тіпті, оның өзі үлкен бір сала болып алғандай. Ішінара тармақтарға да бөлініп кеткен. Білім саласындағы жемқорлық, құқық саласындағы жемқорлық, тағысын-тағы. Сондықтан елдің дамып, өсіп-өркендегенін қалайтын әр азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті белгілі бір жүйеге келтіруге, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі болуы тиіс. Бұл қылмысқа бәріміз тосқауыл болуымыз керек. Жалпы кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік таныту қажет.

Сағынтай Тәттібаев,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің

«Құрылыс және материалдар өндіру»

кафедрасының аға оқытушысы.

Прочитано 788 раз
Top