Дулати университетінде көрнекті ғалым, әдебиеттанушы Мекемтас Мырзахметұлының құрметіне арналған аудитория ашылды. Аудиторияның ашылу салтанатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті Мұрат Мырзахметов, Басқарма Төрағасы – Ректорының у.м.а Сейтжан Орынбаев және «Аманат» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов лентаны қиды.
Құттықтау сөз алған Мұрат Мырзахметов ғалым Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми мұрасы жас буын үшін аса құнды екенін атап өтті. Ашылған аудитория тек құрмет ретінде қойылған естелік орын емес, студенттер мен жас ғалымдар еркін ой алмасатын, ғылыми талқылаулар мен әдеби дөңгелек үстелдер өтетін шығармашылық ортаға айналуы қажет екенін айтты. Аудитория ғалым еңбектеріне сүйенген зерттеулер жүргізіліп, жаңа ғылыми бастамаларға жол ашылуы тиіс екенін жеткізді.
Салтанатты ашылудан соң, университет қабырғасында «Білім берудегі цифрлық дәуір: ғаламдық трендтер мен жасанды интеллектінің педагогикалық әлеуеті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ұйымдастыру комитеті: «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультеті, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы. Конференцияға Қазақстандық және шетелдік ғалымдар, профессорлар, білім саласының мамандары, жас зерттеушілер мен ұстаздар қатысты.
Конференция мақсаты – цифрлық трансформация жағдайындағы білім беру жүйесінің даму бағыттарын айқындау. Халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдерінің тәжірибесін тоғыстыру арқылы жасанды интеллектіні оқыту үдерісіне тиімді енгізудің заманауи жолдарын талқылау.
Конференцияны модератор әрі Басқарма Төрағасы – Ректорының у.м.а Сейтжан Орынбаев құттықтау сөзбен ашып, басқосудың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Өз сөзінде, қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында білім беру жүйесі жаңа формацияға қадам басқанын, ал цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуы оқу процесін түбегейлі жаңартуға жол ашатынын жеткізді. Цифрлық дәуірдің талаптары педагогтар мен ғылыми қауымдастықтан жаңа көзқарас, жаңа тәсіл және жоғары деңгейдегі кәсіби дайындық қажет ететінін баса айтты. Университетте цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру, білім алушыларға қолжетімді интеллектуалды ортаны қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын сөз етті.
«Аманат» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов құттықтау сөз алып, ғылыми қауымдастықтың цифрлық білім беру саласындағы зерттеулерін қолдау керектігін және қоғам сұранысына сай жаңа технологиялық шешімдерге дайын болу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, жас зерттеушілер мен педагогтарға жаңа әдістемелерді енгізу арқылы білім сапасын арттыруға, жасанды интеллект пен цифрлық платформаларды тиімді пайдалануға кеңес берді.
Конференция барысында әлемдік және ұлттық деңгейдегі сарапшылар білім берудегі цифрландырудың жаңа қырларын ашқан мазмұнды баяндамалар жасап, жасанды интеллекттің тиімділігі мен қауіптері, инновациялық педагогикалық технологиялар кеңінен талқыланды. Абай атындағы ҚҰПУ-нің профессоры, п.ғ.д. Ботагүл Тұрғынбаева «Жоғары білім беруде жасанды интеллектіні пайдалану: мүмкіндіктер мен мәселелер» атты баяндамасында цифрлы платформаларды енгізудің тиімді жақтарын жеткізе отырып, бір мезетте оқытушылардың цифрлық құзыреттілігін арттырудың өзектілігін атап өтті. Ол ЖИ-дің оқу сапасын арттыратынын, бірақ академиялық адалдық пен білімді бағалау жүйесінде жаңа талаптар туындайтынын баса айтты. Ал, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, п.ғ.д. Калипа Атемова «Білім берудегі жасанды интеллект: тиімділігі мен қауіптері» тақырыбында баяндама жасап, жасанды интеллектінің педагогикалық үдерістерді жеделдету мүмкіндіктерін жіктей отырып, қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау, этикалық нормаларды сақтау мәселелерін жан-жақты талдады. Сонымен қатар, Назарбаев университетінің профессоры, ф.ғ.д. Жазира Ағабекова «Білім берудегі жекелендіру және ЖИ-дің тиімді әлеуеті» тақырыбында баяндама жасап, жасанды интеллектінің әрбір оқушыға дараланған білім беру траекториясын құру мүмкіндігін атап өтті.Дулати университеті «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасының докторанты Көркемжан Қанат «Жасанды интеллект және ұлттық әдебиет: Бауыржан Момышұлы шығармаларын оқытудың жаңа педагогикалық форматтары» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, цифрлық технологиялардың ұлттық әдебиетті оқытудағы жаңа мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды. Жас зерттеуші өз зерттеуінде жасанды интеллектіні қолданудың бірнеше тиімді бағытын атап өтті. Атап айтқанда, ЖИ негізінде әдеби кейіпкерді көпқырлы талдау, кейіпкердің мінез-құлық динамикасын, психологиялық портретін, оқиғалар арасындағы байланыстарды автоматты түрде анықтау мүмкіндігі – әдеби шығармаларды жаңа деңгейде түсінуге жол ашатынын жеткізді.
Корея Республикасынан келген шетелдік сарапшы Song Yu Ha «Қазақстанның білім беру жүйесі мен Кореяның білім беру жүйесі: қатаң тәртіп пе, әлде шығармашылық еркіндік пе?» тақырыбында баяндама жасап, екі елдің білім беру тәжірибелерін салыстырды. Ол Кореядағы қатаң тәртіп пен жоғары оқу қарқынының артықшылықтарын, Қазақстанның шығармашылыққа құрылған әдістері оқушының тұлғалық дамуына оң әсер ететінін жеткізді. Ал, Малайзия мемлекеті, Петронас технология университетінің зерттеушісі Nur Diyan Binti Mohd Ridzuan «Ғылыми коммуникацияны нығайту үшін химия білімінде сандық әңгімелеуді қолдана отырып, жобаға негізделген оқытуды енгізу» тақырыбындағы баяндамасында химия пәнін оқытуда цифрлық сторителлинг пен жобаға негізделген оқытуды біріктірудің пайдалы екенін жеткізді. Маманның айтуынша, бұл әдіс ғылыми коммуникацияны күшейтіп, студенттердің зерттеушілік қабілетін дамытады. Сонымен қатар, Малайзия Ғылым университетінің зерттеушісі Noor Haida Binti Mohd Kaus «Экологиялық шабыттандырылған фотокатализаторлар: қоршаған ортаны қалпына келтіру үшін биомасса интеграциясы» тақырыбындағы баяндамасында қоршаған ортаны қалпына келтіруге бағытталған биомасса интеграциясы туралы ғылыми жаңалықтармен бөлісті. Ғалым экологиялық технологияларды білім саласында да кеңінен насихаттау қажет екенін жеткізді.
«Riviera International School» мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Мирас Үйсінбаев жасанды интеллектінің білім берудегі артықшылықтары мен тәуекелдерін нақты мысалдармен түсіндірді. Ақшолақ орта мектебінің директоры, магистр, Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Гулназ Мураталиева ауыл мектебіндегі ЖИ қолдану тәжірибесін айтып, оқу сапасын арттырғанын сөз етті. Байзақ ауданы №4 мектеп-лицейінің директоры, тарих пәнінің мұғалімі Дана Абдраимова инклюзивті білім беруде ЖИ-дің мүмкіндіктерін атап өтіп, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған адаптивті платформалардың рөлін түсіндірді. Ал, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Тұрсынай Абдықадырова цифрлық өркениет жағдайындағы тұлға тәрбиесінің жаңа модельдерін ұсынды.
Тағылымды баяндамадан соң, конференция төрт бағыт бойынша секциялық отырыстармен жалғасты. Онда қатысушылар білім беру мазмұнын жаңғырту, цифрлық экожүйе қалыптастыру, педагогтардың цифрлық құзыреттерін дамыту және жасанды интеллектінің болашақтағы орны туралы пікір алмасты. Отырыс соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.






