Ташкент қаласындағы Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетіне М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор А.А.Сманова және аға оқытушы Н. А. Шынтаева академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында іс-сапарда тәжірибе алмасып қайтты.
Халықаралық ынтымақтастық проректоры Раима Шириновамен кездесуде екі университет арасындағы әріптестікті одан әрі дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады. Әңгіме барысында академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, оқытушылар мен студенттердің тәжірибе алмасуын жүйелеу сынды бағыттар ерекше назарға алынды.
«Ғылыми зерттеу негіздері» пәні аясында магистранттарға арналған оқу сабағы өткізілді. Сабақ барысында ғылыми-зерттеу әдіснамасының теориялық тұғырлары, зерттеу үдерісінің құрылымдық кезеңдері және эмпирикалық деректерді жинау мен талдау тәсілдері қарастырылды. Магистранттардың зерттеу құзыреттілігін дамытуға бағытталған практикалық тапсырмалар мен талдамалық жұмыстар орындалды.
Академиялық ұтқырылықтың негізгі мақсаты – білім алушылар мен оқытушылардың өзге жоғары оқу орындарында оқыту, ғылыми әлеуетін және халықаралық академиялық ортадағы интеграциялық қабілеттерін арттыру. Бұл үдеріс білім сапасын жақсартуға, ғылыми коммуникацияны күшейтуге, инновациялық тәжірибелерді меңгеруге және жаһандық білім кеңістігіне кірігуге бағытталады. Сондай-ақ болашақта бірлескен конференциялар, семинарлар және зерттеу жобаларын жүзеге асыруға негіз болмақ.

