Дулати университетінде «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті жанында ғылыми жоба аясында жасалған алғашқы «Ipsychodiagnostics.kz» психологиялық орталық ашылды.
Ашылу салтанатында Басқарма Төрағасы – Ректор Мұхтар Байжұманов жаңа орталықтың лентасын қиды. Мұхтар Қазбекұлы құттықтау сөз алып, орталықтың жас буынның психологиялық дамуы мен қоғамға қосатын үлесін атап өтіп, жобаның маңыздылығын сөз етті. Сонымен қатар, инновациялық диагностикалық платформаның студенттер мен педагогтарға психологиялық қолдау көрсетуде жаңа мүмкіндіктер ашатынын әрі білім беру сапасын арттыратынын және университеттің ғылыми зерттеулерін ілгерілететінін жеткізді.
Орталықтың ашылуына Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының психологиялық қолдау орталығының директоры Айгерім Исмаилова, Әл-Фараби мектеп директорының Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, педагог-психолог Жансая Кадырбаева, 125 International School of Taraz педагог-психологы Назерке Сейсенбаева және университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Орталықтың мақсаты – жастардың психологиялық дамуын қолдау, педагог-психологтардың жұмысын автоматтандыру және балалар мен ересектердің когнитивтік, эмоционалдық және тұлғалық қабілеттерін дамыту үшін заманауи цифрлық платформаны ұсыну.
Орталық AP19677493 «Білім беру мекемелерінде балаларды психологиялық-педагогикалық диагностикалау үшін «Ipsychodiagnostics.kz» Smart (платформа) қамтамасыз етуді әзірлеу» (2023–2025 жж.) атты гранттық қаржыландыру жобасы аясында құрылды. Жоба жетекшісі Сауле Алимбаева және аға ғылыми қызметкер К.Б.Сматова, ғылыми қызметкер Ж.Т.Сабралиева, кіші ғылыми қызметкерлер В.Д.Демьянова мен Ж.Еркебек зерттеулер жүргізіп, оң нәтижелерге қол жеткізді.
Салтанатты жиын барысында жоба жетекшісі Сауле Алимбаева сөз алып, «I-psychodiagnostics.kz» платформасы қазіргі білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді шешуге, әсіресе балалар мен жастардың психологиялық жағдайын уақытылы анықтап, кәсіби қолдау көрсетуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Жобаны жүзеге асыру барысында ғылыми топ үлкен зерттеулер жүргізіп, цифрлық диагностиканың тиімді үлгісін әзірлегенін атап өтті. Сонымен қатар, жобаның іске асуына қолдау көрсеткен университет басшылығына, ғылыми қызметкерлерге және серіктес ұйымдарға алғысын білдіріп, орталықтың болашақта өңірлік және ұлттық деңгейде маңызды нәтижелер әкелетініне сенім білдірді.
Орталықтың ашылуы оқу ордамыздағы жастардың психологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуге де ықпал етеді. Цифрлық диагностика мен заманауи әдістемелерді меңгеру арқылы студенттер жаңа бағыттарды терең зерделеп, өз әлеуетін жан-жақты дамытуға мүмкіндік алады. «I-psychodiagnostics.kz» орталығының жұмысы білім сапасының артуына, жастардың психологиялық тұрақтылығын нығайтуға және кәсіби жолда дұрыс шешім қабылдауына септігін тигізіп, университеттің ғылыми-тәжірибелік базасын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.




