Версия для печати

Халықаралық әріптестік нығаюда!

Қазан қаласында орналасқан мемлекеттік өнер және мәдениет институтына (ҚазГИК) М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің делегациясы жұмыс сапарымен келді. ҚазГИК – Ресейдің мәдениет және шығармашылық индустриялар саласындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі, өнер, дизайн, сахна мәдениеті және дәстүрлі өнер бағыттары бойынша мамандар даярлайтын беделді оқу орны.

Стратегиялық серіктесіміздің өкілдері — ассоциативті профессор Ақмарал Жаппарова және өнертану ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Айша Мукаева «Шығыс және Азия елдерімен мәдени ынтымақтастық» конференциясының «Дәстүрлі костюм» секциясында мазмұнды ғылыми баяндама жасады.

Олар дәстүрлі костюмді ұлттың тірі мәдени коды ретінде қарастырып, оны сақтау мен дамытуға арналған инновациялық стратегияларды ұсынды. Секцияға қатысушылар ұлттық киімдерге қатысты ғылыми көзқарастың өзектілігін және оның мәдени дипломатиядағы рөлін атап өтті.

Сонымен қатар делегация халықтық көркем мәдениет көрмесіне қатысып, Тараз университетінің «Дизайн және сән индустриясы» кафедрасы әзірлеген үш авторлық коллекцияны таныстырды:

«Жібек жолы» – Ұлы Жібек жолының мәдени мұрасын қазіргі сән индустриясы тілінде бейнелейтін топтама; «Томирис» – тарихи тұлға Томирис бейнесінен шабыт алған этникалық және заманауи стильдің үйлесімі; «Шығыстың шуағы» – шығыс мәдениетінің нәзік өрнектері мен қанық түстерін заманауи сән шешімдерімен біріктірген коллекция.

Бұл жұмыстар халықаралық форум қатысушылары тарапынан жоғары бағаланып, Тараз университетінің дизайнерлік мектебінің әлеуетін айқын көрсетті.

2023 жылдан бері ҚазГИК пен Тараз университеті білім, мәдениет және өнер саласында белсенді түрде әріптестік орнатып келеді. Бірлескен сән көрсетілімдері, ғылыми жобалар, шығармашылық шеберлік сабақтары және курстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін атап өтті. Екі жоғары оқу орны «Костюм дизайны» бағыты бойынша қос дипломды бағдарлама ашу жөнінде келісімге келді. Бұл бағдарлама студенттерге екі елдің жетекші университеттерінен бір уақытта диплом алу мүмкіндігін ұсынып, олардың халықаралық деңгейдегі кәсіби бәсекеге қабілеттілігін арттырмақ. Сондай-ақ бірлескен студенттік коллекциялар әзірлеп, халықаралық сән апталықтарына қатысу жөнінде ортақ жоспарлар белгіленді.

Бұл сапар Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени және білім беру байланыстарын нығайтып, шығармашылық саладағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін ашты.

Прочитано 31 раз