Университет қабырғасында Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Цифрлық гигиена және экономикалық қауіпсіздік» тақырыбында ақпараттық кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Криминалистикалық бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Мақсат Байдалиев және Ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Ержан Кенжебаев қатысты.
Кездесу мақсаты – жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер туралы түсініктерін кеңейту және экономикалық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған практикалық дағдыларды қалыптастыру.
Интерактивті форматта өткен кездесу барысында мамандар білімгерлерге цифрлық кеңістіктегі қауіп-қатерлер, жеке деректерді қорғау, интернеттегі алаяқтықтан сақтану жолдары және экономикалық қауіпсіздік қағидаттары жөнінде маңызды ақпарат ұсынды. Студенттер фишинг, әлеуметтік инженерия, жалған сілтемелер және қауіпсіз төлем жүйелеріне қатысты нақты мысалдармен танысып, жеке деректерді қорғауға арналған практикалық кеңестер алды.
Кездесу соңында білімгерлер мамандармен еркін форматта пікір алмасып, қызықтырған сауалдарына жауап алды. Нәтижесінде, студенттер цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын түсініп, интернеттегі өз әрекеттеріне барынша жауапкершілікпен қарау қажеттігін ұғынды.


 
	