Версия для печати

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАМБЫЛ ӨҢІРІНІҢ ТАРИХИ МҰРАЛАРЫ ҒЫЛЫМИ ТҰРҒЫДА САРАЛАНДЫ

Университет қабырғасында «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығы және «Тарих» кафедрасының бастамасымен онлайн және офлайн форматта «ХХ ғасырдағы Жамбыл облысының тарихи аспектілері (мұрағаттық деректер негізінде)» тақырыбында республикалық ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Семинар 25 қазан – Республика күніне орай ұйымдастырылды.

Семинар мақсаты – ХХ ғасырдағы Жамбыл облысының тарихи даму кезеңдерін архив деректері негізінде зерделеп, ғылыми айналымға енгізу және жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға үлес қосу.

Семинарды  Басқарма Мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев құттықтау сөзбен ашып, семинардың ғылыми маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде, өңір тарихының ақтаңдақ беттері қайта зерделеніп, жаңа ғылыми бағыттармен толыққанын жеткізді. Архив құжаттарына сүйенген мұндай зерттеулер – өткенімізді танудың, болашағымызды бекемдеудің кепілі екенін айтты. Бұл ұлттық бірегейлігімізді сақтау жолындағы маңызды қадамдардың бірі екенін тілге тиек етті.

Семинарға еліміздің жетекші ғалымдары мен жас зерттеушілері қатысып, аймақ тарихының өзекті мәселелерін талқылады. Онлайн форматта сөз алған ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҒЖБМ ҒК, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов «Қазіргі кезеңдегі аймақ тарихы бойынша өзекті мәселелер» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, өңірлік зерттеулер мен архив материалдарының ғылыми маңыздылығына кеңінен тоқталды. Ғалым өз сөзінде, аймақтық зерттеулердің ел тарихын толық түсінудегі рөлін атап өтіп, өңірлік деректерді ғылыми айналымға енгізудің қажеттілігіне баса назар аударды. Сонымен қатар, тарих ғылымының дамуы заманауи тәсілдермен, жаңа көзқарастармен ұштасқанда ғана қоғамның тарихи санасы тереңдей түсетінін жеткізді.

Семинар барысында қатысушылар өңір тарихының әртүрлі қырларын қамтыған мазмұнды ғылыми баяндамалар ұсынды. Жамбыл облысы Мемлекеттік архивінің бөлім басшысы,тарих магистрі Сағындық Зейноллаұлы «1917–1950 жылдардағы архив құжаттарын сараптау» тақырыбында баяндама жасап, тарихи деректердің ғылыми айналымға енгізілуінің маңыздылығын атап өтті. «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.к., доцент Жанна Сейткулова «Жамбыл облысындағы этностар мен этникалық топтар тарихы (архив деректері негізінде)» тақырыбындағы баяндамасында өңірдегі көпұлтты құрамның қалыптасу кезеңдерін саралады. «Тарих» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Альбина Мақсұтова өз зерттеуінде «Жамбыл облысындағы тәркілеу мен ашаршылық зардаптары» мәселесін талдап, сол дәуірдің әлеуметтік салдарына тарихи тұрғыдан баға берді. Л.Н. Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің докторанты Рая Ермаханова «Ш.Мұртазаның жеке мұрағаттының негізіндегі зерттеулер» тақырыбында баяндама жасап, көрнекті қаламгердің архив материалдары арқылы өңір тарихының маңызды деректерін ұсынды. Ал, «Тарих» кафедрасының аға оқытушысы, география магистрі Қымбат Қонысбекова «Жамбыл облысының тарихи-мәдени мұраларының туристік мүмкіндіктері» тақырыбындағы баяндамасында өңірдің мәдени ескерткіштерін туризм саласында тиімді пайдалану жолдарын таныстырды. Сонымен қатар, «Тарих» кафедрасының аға оқытушысы, тарих магистрі Назым Биназарова «Архивные фонды Жамбылской области как источник по истории Казахстана ХХ века» тақырыбында, «Тарих» кафедрасының аға оқытушысы, тарих магистрі Ғалия Алпысбаева «ХХ ғасырдағы Жамбыл ауданы тарихы (архив деректері негізінде)» тақырыбында, «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, тарих магистрі Гаухар Сәмбетова «ХХ ғасырдағы Жамбыл облысы аймғындағы темір жол тарихы» тақырыбында, «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының кіші ғылыми қызмткері, тарих магистрі Динара Дүйсенова «Жамбыл облысындағы химия өндірісі: даму бағыттары мен аймақтық маңызы» тақырыбында ғылыми баяндамаларын жасап, бірқатар маңызды ойларымен бөлісті.Ұсынылған баяндамалар ХХ ғасырдағы Жамбыл облысы тарихының аз зерттелген тұстарын жаңа көзқараспен зерделеуге бағытталған тың ғылыми ізденістермен ерекшеленді.

Семинар соңында қатысушылар ХХ ғасырдағы аймақтық тарихи үрдістерді тереңірек зерттеу, архивтік материалдарды кеңінен пайдалану және ғылыми ынтымақтастықты арттыру бойынша ұсыныстар білдірді. Барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.

конф1111

конф2222

конф3333

 

Прочитано 121 раз