«Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының ұйымдастыруымен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, публицист Көсемәлі Сәттібайұлына арналған «Қайсар рухты қаламгер» атты әдеби-танымдық кеш өтті.
Кештің мақсаты – «Жалғызқара» шығармасының мазмұны мен автор идеясын кеңінен түсініп, оған терең бойлау арқылы жас ұрпақтың дара болмысын дамыту, тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруды насихаттау.
Қаламгер өз шығармасында Кемел Тоқаев өмірінің ашаршылық нәубетіне тап келген балалық шағы мен елге танымал жазушы болып, жапырақ жайған жасындағы басынан кешкен тауқыметі мол тағдырын домбыраның қос ішегіндей қатар шерте отырып, басты кейіпкерінің азаматтық ұстанымдарын суреткерлік көркем тәсілдермен шебер жеткізе білген. Осы кеште сол туралы жан-жақты айтылып, талданды.
Әдеби-танымдық кешке университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Атап айтқанда, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма төрағасы – ректор Байжұманов Мұхтар Қазбекұлы, «Жалғызқара» шығармасының авторы – Көсемәлі Сәттібайұлы, сондай-ақ Ғайни Әлімбекқызы, Асқарбек Сейілхан, Самен Құлбарақ және Жасұлан Әбдіхалықов та кеш қонақтары қатарынан орын алды.
Іс-шара барысында жазушымен еркін форматтағы сұхбат ұйымдастырылып, студенттер қаламгерге өз сауалдарын қойды. Бұл кездесу – рухани құндылықтарды жаңғыртып, қаламгер мұрасын кейінгі ұрпаққа таныстырудың маңызды алаңына айналды. Шара аясында қатысушылар жазушылық шеберлік, көркем сөз өнері және ұлттық рух туралы терең мазмұнды ойларымен бөлісті.